Жаңалықтар

18.06.2018
Серіктестіктің бас директорының жолдауы

Қызметі 2000 жылдан бастау алған компаниямыз үлкен жетістіктерге қол жеткізді, қазіргі таңда Қазақстандағы аса ірі әрі тұрақты күзет ұйымдарының біріне айналып отыр.

Осының бәрі сіздердің – сансыз көп өндіріс объектілерінде және магистральды құбырлардың желілік бөліктері учаскелерінде тәулік бойы қызмет атқаратын күзет бөлімшелерінің қатардағы қызметкерлердің арқасында.

Мен сөзімді сіздерге – қиындықтарға қарамастан адал еңбегімен тапсырыс берушілеріміздің активтерінің сақталуы, компанияны қолдау және дамыту бойынша бізге жүктелген міндеттемелерді толыққанды орындау үшін барын салған жандарға арнаймын.

Өз жолдауымда мен соңғы кездерде Серіктестік атына шарт міндеттемелерінің тиісінше орындалмауымен, қызмет атқару тәртібінің бұзылуымен байланысты наразылықтардың түсіп жатқанынан хабардар еткім келеді.

Компаниямыздың тапсырыс берушілердің сеніп тапсырылған активтерінің сақталуы үшін толық материалдық жауапкершілік көтеретінін және өз міндеттемелері бойынша айыппұл санкцияларын төлеуге міндетті екенін сіздер түсінуге тиіссіздер. Бұл сіздер мен біздердің бірлесіп тапқан ақшалай қаражатымыз, ол ең әуелі компанияны дамытуға, күзет персоналының еңбекақысын арттыруға, еңбек жағдайларын жақсартуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға бағытталуы тиіс.   

Сондықтан, қаржылық тұрақтылықты, қызметкерлерімізге берілетін әлеуметтік кепілдіктерді сақтап қалу үшін, біз кейде дербес жауапкершілікті күшейту, штатты оңтайландыру мен қысқарту бойынша көп қолданылмайтын әдістерге баруға мәжбүр боп жатамыз.

Біз үшін табыстың жалғыз көзі - күзет қызметтерін көрсетуге жасалған шарттар және әрі қарайғы ынтымақтастық мәселесі тапсырыс берушілердің қанағаттанушылығына байланысты. Өздеріңіз білетіндей, біз жыл сайын  жаңа келісімшарттар жасап, клиенттерімізге әрдайым өз әлеуетімізді, кәсіби деңгейіміздің жоғарылығын дәлелдеп отырамыз.

Компаниямыздың тұрақтылығының кепілі тек сіздер мен біздерге байланысты! Сіздер, күзет персоналы, басты өндірістік әлеует болып табыласыздар, компанияның болашағы, сондай-ақ отбасыларыңыздың  қаржылық салауаты мен тұрақтылығы сіздердің жұмыстарыңыздың сапасына тәуелді.   

Олай болса, барынша күш жұмсап, жұмысқа деген қарым-қатынасымызға жаңаша көз салайық, ұйымшыл, біртұтас команданың бөлшегіне айналып, алдымызда тұрған мақсат-міндеттерге бірлесіп қол жеткізейік.

Біздің жұмысымыздың ең үлкен басымдығы қашанда Серіктестіктің әрбір қызметкерінің өмірі мен денсаулығы болып келген, солай боп қала бермек – бұл баға жетпес құндылығымыз. Жақыныңнан айырылудан немесе оның еңбекке жарамсыз болып қалуының салдарларынан асқан қасірет жоқ шығар. Өлім-жітім мен мүгедектік қай-қайсысымыз үшін де ең ауыр нәрсе болмақ.

Біздің жұмысымыздағы жоғары қауіптіліктің басты көзі әдеттегідей атыс қаруы мен автокөліктер болып табылатынын түсінулеріңіз керек.

Қаруды абайсыз, теріс пайдалану, жол-көлік оқиғалары ауыр салдарларға, жарақаттар мен зағиптыққа, өлім жағдайларына себеп болып жатады.

Аталған факторлар тағдырдың жазуы емес, олардың әрқайсысының себебі бар, әрі ол - ең алдымен қызметкерлердің теріс іс-қимылы, лауазымдық нұсқаулықтарды, қызмет атқару қағидаларын, қауіпсіздік техникасын білмеу және бұзу.  

Сондықтан әрбір аймақтық бөлімше басшысын, әкімшілік-басқару қызметкерлерін, күзетшілерді, жүргізушілерді – баршаңызды жұмыс орнында еңбектің қорғалуы үшін жауапты болуға шақырамын.

Өзгелерге әріптестерінің өмірі мен денсаулығына қамқорлық танытудың үлгісін көрсетейік.

Егер де әлдекімдер қаруды дұрыс пайдаланбай жатса не болмаса жолда жүру ережелерін бұзса, немесе басқадай ықтимал қауіпке душар болғалы тұрса, ол жайында олардың өздеріне ашық айтуға өзара уәде берейік. Қауіпсіздік ережелерінің бұзылуына бей-жай қарамайық. Зардап шегушінің орнында әрқайсысымыздың болуымыз мүмкін.

Еңбек қауіпсіздігі мен еңбек тәртібін әр қызметкердің жеке ісіне айналдырайық!

Мен әрқайсысыңызға атқарып жүрген жұмыстарыңыз үшін рахмет айтқым келеді.

Бірге, иық түйістіре отырып, алдымызда тұрған қиындықтар мен кедергілерді абыроймен жеңіп шығатынымызға сенімдімін!

Бас директор

(Басқарма төрағасы)

Т. Тоқалов

Қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бізге сеніп тапсырды

КазМунайГаз
Самрук Казына
"КазМунайГаз" Разведка и Добыча
Озенмунайгаз
Карачаганак
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ”
KazTransOil
ТОО "Атырауский НПЗ"
ТОО «СП «Казгермунай»
КБМ
ТОО «Урал Ойл энд Газ»
ТОО «ҚазМұнайГаз Өнімдері»
сайт статистики